ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылы 16- желтоқсанда Тәуелсіздік туралы Жарлығы жарияланысымен-ақ дүниежүзі біздің елді танып-біліп, егемендігін алған азат Қазақстанды әлем мойындай бастады. Бірақ осы Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев таяуда жарияланған “Тәуелсіздік тағлымы” атты мақаласында; “Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді”,- деп атап көрсетті.
Бұл күнде Қазақстан әлемнің өзге өркениетті елдері сияқты жаңа ғасырдың табалдырығын тең аттап отырған ел. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген рухы биік, қайсар елдің мекені. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің ең басты жеңісі — еркіндік. Біз ежелден ерлігі мен даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз. Біз алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбіт елдің азаматтарымыз, кең-байтақ жеріміз, бірлігі жарасқан алуан ұлт-ұлыстардан тұратын біртұтас халықпыз! Ата-бабамыз аңсаған азаттық таңында, армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіздік – елдіктің киелі кепілі, келелі келешегіміздің, ұлттық татулығымыздың нышаны. Ата-бабаларымыз егемендікті аңсап, ел мен жерді қызғыштай қорғады. Бүгінгі бейбіт күн аспанында көк туымыздың желбіреуі біз үшін үлкен бақыт!
Егемен болмай, ел болмас,
Егесіз жатқан жер болмас!
Сөзінен бұл бабаның,
Үлкен ғибрат табамын.
Қазақпыз біз ар-намысты, саналы,
Бір-біріне қадірлі де бағалы.
Бабалардың батасымен көгеріп,
Ұстатпаған дұшпанына жағаны.
Қазақпыз біз білмейтін бір тарлықты,
Қойдай жуас көтеретін барлықты.
Тура бидей тура жолды аңсаған,
Қазағымнан тумады ма бар мықты.
Батыр ма, би ме әлде ақындар ма?
Ғалымдар ма, шешен бе, асылдар ма?
Қазақтың ақ сүтін берген аналары,
Қасиетін сарқып берген асылдарға.
Ата-баба жолымен салып кеткен,
Жүрген ұрпақ жеңіске қолы жеткен.
Тәуелсіз ел таңынан ол шырайлы,
Тұғырының биіктігін сұрайды.
Қазақты бүгін танып ал,
Он тоғыз миллион саны бар.
Отыз елмен теңесер,
Жоспары бар танымал.
Жат көңілде болса-дағы сан күдік,
Қазақ үшін атты бүгін таң күліп.
Қазақ елін бар әлемге танытқан,
Тәуелсіздік жасай берсін мәңгілік! – деп жыр шумақтарымен тәуелсіздіктің қымбат бағасын жеткізген ақындарымыз қалайша дәл әспеттеп суреттей білген. Бүгін біздің дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп, әлемге әйгілі болуымыздың өзі осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай, оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, ақша қардай кіршіксіз күйінде болашақ ұрпақтар қолына аманат етіп тапсыруға тиіспіз. Тек сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болып қалмақ. Туған халқымыздың тарихын, батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз талмай жырлап келеді. Біздер жастар елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз, басқаша болуға біздің құқығымыз жоқ. Бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Біздер білімді, дені сау, Отанымыздың, Қазақ елінің, киелі Мақтаарал топырағының лайықты ұл-қызы болып өсуіміз қажет. “Ақ алтынды” Мақтаарал топырағынан осы тәуелсіздік жылдарында қаншама айбынды, білімді азаматтар елімізді, жерімізді әлемге, елге жақсы жағынан паш етті. Бұдан былай да рухы мен намысы биік жастарымызды жарқын болашақ күтіп тұр деген сенімдемін. Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылдық мерекеміз құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Нұржан ТЕЗЕКБАЕВ,
С.Торайғыров атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі. Ырысты ауылы.
Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі.
- Advertisement -
- Advertisement -