2.7 C
Munich
Среда, 29 января, 2025

ҒИБРАТ

Оқылып жатыр

АТАҚТЫ ШАБАНДОЗ

Жасұзақ палуан жайлы сыр

Есімі бүкіл Оңтүстік өңіріне кеңінен танымал сайыпқыран, шабандоз Жасұзақ Сағындықұлы Сыдықов ағамыз биыл жетпіс жасқа толады. Саналы ғұмырын қазақтың ат спортын дамытуға арнаған ардагер ағамыз қазір Мақтаарал ауданы, Аязхан Қалыбеков ауылдық округі, «Жаңа жол» ауылында ғұмыр кешуде. Үлкен әулеттің қазыналы қариясы. Жеңгеміз Баян екеуінен өрбіген 6 перзентінен 30 шақты немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Қылшылдаған 25 жасынан додалы көкпарға қатысып, «жас бөрі» атанды. Талай дүбірлі сайыста салым салып, көкпардың қадір-қасиетін бойына сіңірді, атақты шабандозға айналды.
Кеңес дәуірінде Мақтаарал ауылшаруашылығы совхоз-техникумын бітіріп, агроном мамандығын алды. Жыл он екі ай бойы тоқтамайтын шаруашылық жұмысынан қол үзбей ұжымшарда агроном, звено жетекшісі, аға агроном, бөлімше басқарушысы болып істеді. Бөлімше басқарған жылдары ауданда бірінші болып мемлекетке мақта тапсыру жоспарын асыра орындап, үлкен жеңіс биігінен көрінді. Халық қалаулысы атанып, Жетісай аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Елдің аманатын арқалап, халық үшін еңбек етті. Кейінгі жылдары «Сұлтан ата» өндірістік кооперативін құрып, ауыл азаматтарын еңбекке жұмылдырды. Жасұзақ аға өзі тұратын округ бойынша медиатор. Ауылдағы дау-дамайды тоқтатып, жас отбасылардың ажырасуы, жастардың беймезгіл жүруі, арақ-шарап ішуі секілді жағымсыз жәйттерге тосқауыл болып, елдің ынтымағы, ауызбірлігі үшін тынбай еңбек етіп келдеді. Пандемия, «Сардоба» су апаты кезінде мұқтаж отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Өмірден көргені мен түйгені, тоқығаны көп Жасұзақ ағамыз өткен жылы еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Жасұзақ аға 1952 жылы мамыражай мамыр айында дүниеге келген. Әкесі Сағындық атамыз Мырзаның шөлінде Сардоба атырабында өмір бойы мал бақты, озат шопан болды. Жаздың ми қайнаған аптап ыстығы мен қыстың үстірік аязына қарамастан мемлекеттің малын дін аман сақтап, оның төлін көбейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Бейсенкүл әже үй шаруасын атқарды әрі шопан көмекшісі болып істеді.
-Отбасында Оңалай әпкем екеуміз бірге өсіп-жетілдік. Мені әке-шешем ат ұстар жалғыз ұлы болсам да, еркелетіп, шолжаңдатқан жоқ. Ес білгеннен бастап шаруаға икемдеп, шынықтырып, шымыр етіп өсірді. Менің жылқыға деген құмарлығымды, ерекше сүйіспеншілігімді байқаған әкем он жасымда тай әперді. Содан бастап ат үстінен түскен емеспін. Ауыл-аймақтағы көкпар тойларға әкем жиі ертіп баратын. Сөйтсем, өзі де атқа құмар, қаны таза арғымақтың тамырын тап басып танитын бапкер екен. Сол шақта әкем «Сартай», «Қара ат» деген қос көкпар атын баптап, көкпарға қосып талай рет салым салып жүрді. Мені де көкпар аттарын күтіп баптауға үйрете бастады. Шаш тарап енді жігіт санатына қосылған кезімде біздің Мырзашөлде Бараттың Сарықасқасы, Артықбайдың Көкаты, Әділбайдың Жиренқасқасы, Асқардың Жирені, Махмұдтың Ақтанауы деген аттардың даңқы дүркіреп тұрды. Мен алғашқыда әкем баптаған «Сартай», «Қара атпен» көкпар шауып, салымның алдын бермей бірден ауызға іліне бастадым. 29 жасымда көкпар десе ішкен асын жерге қоятын неміс жігіті Адольф Иванович Дирингтің (бәрі оны Алик дейтін) «Сары қасқасымен», кейін Орлик деген атымен көкпар шауып ат үстінде шебер өнер көрсетіп, бас жүлде алып көзге түстім. Аликтің аты жүзік көзінен өткендей сүмбіл сұлу, жөні бөлек ат еді. Сонау 1941 жылы соғыс кезінде біздің Мырзашөлге қоныс аударған неміс отбасында тәрбие алған Адольф Диринг бала күнінен атқұмар болып өскен, қазақшаны мақалдатып сөйлейтін жігіт еді. «Қырық жыл бойы қазақтың дастарханына дәм татып келем, енді мен де қазақша көкпар той беремін» деп, дүйім елді жинап той берген Аликті жұрт әлі ұмытпайды.
Сол бір жастық шағымда Оразханның, Артықбайдың, Қараның, Анарбайдың, Асықбайдың, Әділбайдың, Аликтің, Байзақтың, Мамыттың аттарымен көкпар шауып, «Кәнігі, шалымды шабандоз» деген атты иелендім,- деп Жасұзақ аға өткен шақты еске алып, тебіренді.
Иә, біле білгенге ер жігітке шабандоз бола салу оңай нәрсе емес. Жастай ат үстінде өскен, ат құлағында ойнайтын, сом білекті, қарулы азамат ғана оны игеруі мүмкін. Оның үстіне аттың тілін біліп, оның мінезіне жете қанығу керек. Нағыз көкпаршы атты ұрып, сабаламайды. Тек тізгін қақса болды, ат иесін түсініп, додаға өзі-ақ ұмтылып кіреді. Тақымына түскен көкпарды қанша адам жабылса да оңайлықпен бермейтін қара күшке ие, палуан шабандоздар Оңтүстік өңірде аз емес. Солардың қатарында бұрынғы Киров ауданы «Қоғалы» кеңшарындағы Жексенбайдың, Келес ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы кеңшардан Құдайбергеннің, қазіргі Мақтаарал ауданы, А.Қа-лыбеков ауылдық окру-гіндегі Жасұзақтың есім-дері алдымен ауызға алынатыны бекер емес. Мырзашөлдегі көкпаршы шабандоздар Жасұзақ ағамыз туралы «Мінезі жайдары, жұмсақ көрін-генімен көкпарда бір-беткей, қайсар азамат. Небір ауыздықпен алыс-қан асау аттарды жүгенсіз-ақ жуасытады. Аттың мінезін де, тілін де таба біледі» деп мақтан етеді.
Жасұзақ аға аты аңызға айналған Мақаштың Қарасы деген атақты көкпар атымен шапқан Жексенбай ағаны ұстазым, ақылшым дейді. (Көкпарға түскенде қомданып, қанаттанып, ойнақшып алға ұмтылатын аттың төресі Мақаш Қара туралы кезінде аттың сынгері, жазушылар — Сәуірбек Бақбергенов пен Асқар Сүлейменов тамсана суреттеп жазған). Жексенбай көкенің ерекше бір қасиеті атты өзі суытып, өзі баптай білетін. Әлгі Мақаш Қара аттың құлыны Торы атты да Жексенбай көке өсіріп, баптап, талай көкпарда салым салған. Атақты шабандоз Қалыбайдан да көп тәлім алды. Жасұзақ аға Оңтүстік Қазақстан аймағынан бөлек қырғыз, тәжік, өзбек ағайындар өткізген талай көкпарларға қатысып, тек жеңіспен оралып, абыройды ат қып мініп қайтқанын бүгінде жұрт аңыз қып айтады.
-Көрші өзбек елінің Замин тауының етегінде екі ай көкпар өтті. Оны «Қазан ауыстыру көкпары» дейді екен. Бір үлкен қазанға кезекпен дәмді тағам пісіріп, көкпар өткізеді. Бәйгеге түйе, өгіз, қошқар тігіледі. Сонда 15 шақты атпен көкпар шауып, әрбір додада серкені тақымға басып, жеңіске жетіп отырдым. Тағы бірде Әндіжанда үлкен көкпарды Мадамим деген палуан берді. Мұнда көкпарға серкенің орнына өгіз салады екен. Өгізді екі адам көтеріп, көкпаршының алдына қойып береді. Мұнда Анарбайдың атымен шауып, үлкен салымға ие болдым. Қырғыз ағайындардың көкпары өте тартысты, қызықты өтеді. Жамбыл облысы Меркі ауданында Сыпатай батырдың туғанына 210 жыл толуы құрметіне өткен көкпарға студент інім Сейітжаппар, 6 сыныпта оқитын Әбсан үшеуміз жаяу барып, қырғыз көкпаршыларды 3:1 есебімен ұтып, олжалы қайттық,- деді бізбен әңгімесінде Жасұзақ аға.


-Ат — ердің бесігі, батырдың — серігі, жігіттің — көлігі ғой. Қазіргі кезде біздің өңірде асыл тұқымды көкпар аттарын ұстап баптау жағы қалай?- дедік сауал қойып.
-Біздің Мырзашөлде көкпар атын жақсы баптап, көкпарға қосып жүрген атқұмар азаматтар аз емес. Мәселен, кәсіпкер Жарқынбек Қанаевтың баптауындағы аттар әбжіл, мықты. А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Сәбит Сартаев 5-6 көкпар атын баптап отыр. Ағайынды Жорабек, Жұман, Өсер Алтынбековтердің баптаған аттары да көкпарда шаршы топтың алды болып, жап-жақсы шауып жүр. Әділбай мен Меңтай да қалыспай 2-3 көкпар атын баптап келеді.
-Ат спортын одан әрі дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
-Атқұмар жастарды қолдап, баулып, көкпар аттарының тұқымын жақсартуға ерекше мән беру керек. Қазақ жылқысының тұқымын көбейтуді ұмыт қалдырдық. Атбегілікті маман ретінде бағалап, оларға қаржылай қолдау жасалса жөн болар еді. Қазір мықты бәйге, көкпар аттарын баптап шығару оңай емес. Көкпар аттарының бағасы 2 миллионнан 50 миллион теңгеге дейін барды. Үлкен той-жиындарда атжарыс, қыз қуу т.б. ұлттық ойындарды көптеп ұйымдастыру керек. Қазір қала түгілі ауылдың өзінде аяғы үзеңгіне, ауы ерге тимеген, атқа мініп көрмеген балалар аз емес. Бұл әрине, өкінішті. Тағы бір айтайын дегенім, қазіргі көкпарларда тәртіпке бойұсыну деген жоқ. Қызбалыққа салынып дауыс көтеру, бейәдеп сөз сөйлеу, қой дегенге бағынып қоя салмау жиі байқалып жүр. Кейде салымды қанағат тұтпай өкпелеп, өрекпіп, өршеленетін жастар да бар. Бұрынғы көкпарларда тазалыққа, әділдікке баса мән берілетін. Дегенмен, көкпарға қызығатын жастардың барына қуанамын,- деді Жасұзақ аға көтеріңкі леппен сөйлеп.
Өнегелі, ұлағатты отбасында тәрбие алған перзенттері қарапайым кәсіп иелері. Үлкен қызы Фатима мен Қызжібек мұғалім, Салтанаты медбике. Дүйсеханы фермер, Аймахан көлік жүргізушісі, Баймахан ұстаз. Күйеу балдары мен келіндері де түрлі мамандық иелері. Бәрі үйлі баранды. Кішіпейіл, әдепті де ибалы, еңбексүйгіш, адал пейілді жандар. Жасұзақ ағамыз адал, қажырлы еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің Алғыс хаттарымен екі мәрте марапатталды. Республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының «Құрметті азамат» медалін кеудесіне тақты. Адалдық пен тазалықты, қанағат пен имандылықты бір бойына жиған Жасұзақ ағамызға дәйім осы қалпыңыздан таймаңыз, аман болыңыз дейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар