8.3 C
Munich
Воскресенье, 6 октября, 2024

Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл

Оқылып жатыр

Қазақ сахнасының таңшолпаны

                                              ӨМІРІНЕН ҮЗІК СЫР
Қазақ сахнасында таңшолпандай жарқыраған Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың өмір жолы мен шығармашылығында соқпақты, соқтықпалы тұстар көп. Ашаршылық, елдегі ауыр тұрмыс, әкесі Исабектің қазасы-барлығы қаршадай қызға ауыр сын болды.
Туған жері сұлу Қарқаралы өңірі. Ауылы көкмайсалы төскейде , сылдырап аққан өзеннің жағасында орналасқан, табиғаты қарасаң көз тоймайтын көрікті жер болатын.
1941 жылы орта мектепте оқып жүрген кезінде Алматыдағы көркемөнер училищесіне дарынды балаларды қабылдау үшін Мұхамеджан Қаратаев бастаған өкілдер тобы келеді. Ауылдағы тойлар мен мерекелерде көпшілік алдында өнер көрсетіп жүрген он сегіз жасар қыз солармен бірге Алматыға келіп, аталмыш оқу орнына түсіп , оқу-білімге ден қояды. Ш.Жандарбекова 1941 жылы соңғы курста оқып жүрген кезінде М, Әуезовтің «Сын сағатта » пьесасында Рәш ролін сәтті орындайды. Сол жылы драма театрына қабылданып, 1942 жылы Ғ. Мүсіреповтің «Ақан Сері -Ақтоқты» пьесасында басты роль Ақтоқтыны ойнау бақытына ие болады. Бұл жас актрисаның балауса талантын бірден танытып, оның болашақ өнеріне даңғыл жол ашты.
                                       ӨНЕРДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
«Мен театрға соғыс кезінде келдім, -деп еске алады Шолпан апай. – М.И. Гольдблад деген еврей режиссердің қолына түстік. Маған нәзік жанды қыздардың ролін, бас кейіпкерді Хадиша Бөкееваға беріп отырды. Мақтанғаным емес, Хадиша екеуміз 25 жыл М.Әуезов театрының репертуарын ұстап тұрдық. Жасымыз қырықтан асқаннан кейін басты рольді ойнауды доғардық. Бұл –заңдылық. Өнерде біздің бағымыз ашылды. Ал, атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтен жамандық көрмедім. Үлкен кейіпкерлерді ойнап жүрдім.
Театрдың киесі бар. Білген адамға театр- ем, дәрі, дәрігер. Ауырып отырып театрға барсам , жазылып қайтамын. Театрдың шаңырағын көтерген ұлылардың аруағына сыйынып барып, сахнаға шығатынмын.
Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері — Ақтоқтыдағы»Ақтоқты ролі менің өнерімнің ең биік шыңы. Құртқа , Шырын, Ақтоқты, Баян –жамбасыма келген рольдер.
«Шығыстағы бір бейбақ» қойылымының бас кейіпкері Л.Кәйдің ролін кезінде сыншылар жоғары бағалады.
                             “АҚАН СЕРІ — АҚТОҚТЫ» ПЬЕСАСЫНДА
Ақтоқты –тұла бойы сұлу нәзіктікке, өжеттікке толы трагедиялық тұлға. Сахнаны сазға бөлеп, соншалықты ұстамды орындалған, ән әуенімен Ақтоқты- Шолпан шыға келгенде қыз жүрегінің лүпілдей соққан тынысын, қанат қаққан көңіл күйін актрисаның қос қолаң бұрымға тағылған шолпыларын сылдырлата қозғалуы-ақ аңғарта алатын еді. Ақтоқты ролінің ең қиын кезеңі , неке қию сәті.
Ақаңның сынған домбырасын бауырына қысып: «Ақан! Ақаным!»-деп аһ ұрып егіле келіп, ерлікке шақырған сөздері , сол зар заман қыздарының Ақтоқтының атынан айтылған арман үні болатын. Монологтың әлеуметтік әуенін үдете түсіп, трагедиялық биікке көтеретін актриса ойыны мен дауысы кім кімнің де ет жүрегін елжіретпей қоймас еді. Осынау ғажап трагедия кейінде жаңартылып қойылғанмен Шолпан ойнаған Ақтоқтының бейнесі әлі күнге театр тарихында өзінің ерекшелігімен таспаға таңбаланып қалды.
Шолпан Жандарбекова Ғ. Мүсіреповтің бұл кейіпкерін 1942 жылдан 1958 жылға дейін яғни, 17 жыл ойнаған екен.
Ш. Жандарбекова : «Егер Ақтоқты образы адам бойындағы әдемілікті жинақтаған образ болып жазылмаса, оны сол биік дәрежеде сахнаға шығару маған да қиын болар еді..» деп еске алады .
«Өз басым Шәкеннің талантына бас иемін.»Ақан Сері — Ақтоқты» қойылымында Шәкен- Ақан Серінің, мен Ақтоқтының ролін ойнадым. Шәкендер ойнағанда театрда мейрам, той болатын. Келген халықтың көпшілігі сондай, кіруге таласып-тармасып жатқанда, театрдың есік –терезесі талай рет сынатын. Бұл әртістің киелілігі, олардың өнерінің биіктігі болатын. Корифейлер жасаған бейнелер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.
Ол кезде халық Шәкендердің ойнаған ролін бес –алты рет келіп көретін.
Шәкеннің ең алғаш түсірген «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» фильмінде Баянды сомдадым. Образды ашуыма Шәкеннің көмегі көп тиді. Сол кісілерден алған сабағым ғой, базарда, көшеде кетіп бара жатып адамдардың жүріс-тұрысын зерттеп жүретінмін. Ығы-жығы халықтың арасынан өзімнің кейіпкерлерімді іздейтінмін.
Өнерді шынайы өмірден үйрену керек дейтін ұстаздарым».
      ШАРА ТУРАЛЫ
Шолпан: — «Дәм жазбады, екеуі айырылысып кетті. Оған менің ешқандай қатысым болмады. Ол кісінің өнерін, адамгершілігін , жасының үлкендігін сыйлаймын. Үлкенді сыйлау – адамгершіліктің ең үлкен сатысы. Шара Жиенқұлова туралы бірауыз жаман сөз сөйлеуге қақым жоқ, әрі айта да алман. Би деген өнер қазақта бұрын болмаған. Қазақ биі Шарадан бастау алады. 1936 жылы Күләш пен Шара Мәскеудегі декадада бірге шықты. Сонда Күләш атақ алса, Шара орденмен марапатталды.
Осы уақытқа дейін Шараға бір көшенің аты берілмеді. Шара Алматының тумасы. Шараға көше берілуі керек. Жалғыз мұны мен айтамын. Өйткені, оның артында іздейтін адамы жоқ қой».
       ҚҰРМАНБЕК ЖАЙЛЫ
Шолпан: — «Құрманбек өмірге бір –ақ рет келетін тұлға. Әрине, отбасы болғаннан кейін ыдыс –аяқ сылдырламай тұра ма? Кейде екеумізден де кінә болды. Онда ыдыс –аяқ қатты сылдырлайды.
Құрманбекке тұрмысқа шыққаннан кейін үш қызды бірінен кейін бірін көтердім. Мен жас әртіспін, айлығым аз. Әрі киінгім келеді. Құрекең режиссер әрі әртіс болса да ақшаны аз әкеледі. Балалар жас. Ренжіген маған «Күшіктер артымнан қалмай қойды» дейді. Олардың «Мықты ойнағаныңызды тілмен жеткізе алмаймыз».
Ақтоқты болып армандап, Ажар болып егіліп, Шолпан болып еркелеп, Құрқа болып рухтанып, Еңлік болып назданып, Тоқжан болып толқып, Баян болып батылдықты ту етіп, Мақпал болып елжіреген актрисаға шығармашылығының алғашқы сәттерінен –ақ мұндай күрделі рольдердің берілуі оның өнеріне, талантына деген сол режиссерлердің үлкен сенімі болатын.
Сонымен қатар Шолпан Жандарбекованың қазақ кино саласында да айтарлықтай үлесі бар. «Абай әндеріндегі » Мағыш, «Дала қызындағы» Зияда, «Қозы –Көрпеш- Баян сұлудағы» Баян,т.б. фильмдерде түрлі мінездегі ,әралуан қыздар мен әйел -аналардың бейнесін экранға алып келді.
Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан / ол кездегі өнер институты/ басталған ұстаздық жолы да оның шығармашылығының бір саласына айналып, сахналық тәжірибесі мен адамдық қырының жемісіндей білімді де білікті шәкірттері бой түзеді.
1975 жылғы Шолпан Жандарбекова курсын бітірген бір топ шәкірттері Талдықорған қаласында жаңа қазақ театрының ірге тасын қалады. Олар : марқұм Тілек Әбжәлиев, Асан Исаев, Азат Базаргелдиев, қазіргі күнде жемісті еңбек етіп жүрген Алмахан Кенжебекова, Жанат Уайкина, Жібек Лебаева, Аман Қожабеков, Оразәлі, Ақжарқын-Сәрсенбек, Әлімбек Оразбеков, Тілеген Ахметов, Дүйсен, Алма Байтелиева- ұстазының ізін жалғастырған, жалғастырып келе жатқан өнер шеберлері.
Қазақстан Республикасының Халық әртісі /1959 жылғы/ , Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты/1980/, КСРО халық артисі /1982/, «Отан» орденінің иегері /2005/, профессор, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің екі мәрте иегері Шолпан Жандарбекова рухани байлығымен , ерен еңбегімен ұлттық театрдың жарқын беттеріне өз қолтаңбасын қалдырған романтикалық бағыттағы Ұлы актриса.
Шолпан апайдың есімі Қазақ театр тарихында аты алтын әріппен жазылған , халқы сүйген бақытты өнер иесі. Ол — Ұлы актер, режиссер , қазақ театрының негізін қалаған Құрманбек Жандарбековтың жары.
Шолпан Жандарбекованың есімі Мәңгі ұмытылмайды.

Тілеген АХМЕТОВ,
шәмшітанушы, Қ. Жандарбеков атындағы
Жетісай драма театрының Бас режиссері.

Алдыңғы мақалаҒИБРАТ
Келесі мақаладаӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ЖАН
- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар