1.1 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы

Оқылып жатыр

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ МАҚТААРАЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

 

           «Мақтаарал» мәдениет үйінде ел дамуына ерекше серпін беретін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жиын өтті.

 

 Павлодар облысынан арнайы келген делегация оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын отбасыларға мемлекет тарапынан қарастырылатын көмектер жайында терең мағлұмат беріп, тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешов бастаған жалпы саны 15 адамнан құралған делегация тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ел игілігі үшін жасалған бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Жиын барысында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер, қосымша ұйымдастырылатын көмектер туралы, көшіп барған жағдайда баспанамен қамтамасыз ету және жұмыспен қамту жөнінде ақпараттар берілді. Сонымен қатар, тұрғындар облыстағы адам саны аз аудандар жөнінде мағлұматтармен танысты.

Аталмыш шара «Достық» ауылдық округінде де жалғасын тапты. Кездесу Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінде өтті. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешов ауыл тұрғындарын бағдарламамен таныстырды. Мұнан кейін Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Оспанова Бибігүл сөз алып аудандарына бүгінгі таңда мұғалім, медбике, жүргізуші мамандықтарының жетіспей жатқанын айтты. «Оңтүстіктен барып қоныстанушыларға бір жылға дейін пәтер ақысы, коммуналдық төлемді мемлекет есебінен төлейміз. Бүгінгі таңда Ақтоғай ауданында 12 мың халық тұрады. Жақын күндері үлкен сүт фермасы ашылып жатыр. Ол жерге де жұмыс күші қажет», – деді.

– Шарбақты ауданына мал дәрігері, жүргізуші, медбике, мұғалім, орман шаруашылығы қызметкерлері қажет. Ірі құс фабрикасы бар. Ол жерде де жұмыс күші жетпей жатыр. Шарбақтыда мал шаруашылығы дамыған. Ет өнімдерін Дубайға экспорттап жатырмыз. Егіншілік, мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге жер беріледі. Үй жаймен де қамтамасыз етіп, бір жылға дейін пәтер ақы, коммуналдық төлемдердің бәрін де мемлекет есебінен төлейміз. Оңтүстіктен келем деушілерге барынша жағдайлар жасалып жатыр. Келем деушілерді әрқашан құшақ жая қарсы аламыз, – деді Екібастұз қаласының көші-қон бөлімінің басшысы Н.Ашимов. Май ауданы халықты жұмыспен қамту бөлімінің директоры Д.Қалиақпаров да оңтүстіктен барған отбасылардың бүгінде шаруашылықтарын дөңгелентіп, түрлі кәсіпкерлік нысандарын ашып жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтты.

Жиын соңында делегация басшысы М.Утешов: «Түркістан қаласында өз өкілдерінің жұмыс істеп жатқанын, кез келген уақытта барып не хабарласып толық ақпарат ала аласыздар», – деді.

Тұрғындар көкейіндегі сұрақтарына  тұщымды жауаптар  алып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға игі тілектерін жеткізді.

Бағдарлама аясында жастардың тегін білім алуы, тұрақты жұмыспен қамтылуы, оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана беріліп, шәкіртақы төленетіндігі де айтылды. Оңтүстік аймақтардан барған жастардың білім беру, техникалық немесе ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында негізгі үш бағыттың бірі бойынша тегін оқытылып, қажетті білімді алған соң солтүстікте тұрғылықты қалуы көзделеді.

Бүгінгі таңда елімізде жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан еңбекке жарамды адамдар тапшы солтүстік аймақтарға азаматтарды көшіру бағытында екі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеуде. Соның бірі 2014-ші жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» білім беру бағдарламаcы болса, екіншісі аймақтардағы еңбек диспропорциясын жоюға, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік» бағдарламасы.

Бұл бағдарлама  қатысушыларына 12 ай бойы тұрғын үй жалдауды (жалға алу) және коммуналдық қызметтерін төлеуді субсидиялар арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бағдарлама аясында жер учаскелерін тегін пайдалануға беру де қарастырылған. Бұдан бөлек, еңбекақысын субсидиялау, сондай-ақ оларды оқыту және қайта мамандандыру сияқты тағы да басқа қолдау шаралары көзделген.

Жалпы, облыс әкімдіктерінің арасында да өзара іс-қимыл және үйлестіру мәселелерін шешу үшін осы бағытта меморандумдар жасалған. Жыл сайын Мақтаарал ауданында солтүстік аймақтардың жұмыс берушілерінің қатысуымен аймақаралық бос жұмыс орын жәрмеңкелері өткізіліп келеді және қоныс аудару квоталары да жыл сайын арттырылуда.

Ә.ТЕГІСБАЕВ,

Ж.АДЫРБЕКОВ.

 

Алдыңғы мақалаӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ЖАН
Келесі мақаладаҚАРТТАРЫМЫЗ – ҚАЗЫНАМЫЗ
- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар