Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҮІІІ сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тоқталды.
Расында да, халық неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сеніп келді. Жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Президент айтқандай, халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Қуантарлығы және ертеңге деген сенімді нығайта түсетіні – осы негізгі мәселелердің шешімі алдағы бес жылда табылуға тиіс.
Сондай-ақ алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналмақ. Туризм – Түркістан облысы экономикасының басым салаларының бірі. Облыс аумағында 1700-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Облыстың табиғаты да айрықша. Облыста 225 орналастыру орындары: қонақүйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері және 68 санаторлық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді. Өткен жылы жалпы сомасы 22,86 млрд теңгеге 19 туристік нысан пайдалануға берілді. Осы орайда Президент бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажеттігін айтты. «Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ»,-деді Мемлекет басшысы. Демек, Түркістан өңірінде туризмді жандандыра түсуге мүмкіндік мол болады.
Президент еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытын айқындады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие, құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия берілмек. Осы мақсатқа 1 трил-лионға жуық теңге бөлінеді. Бұл жағымды бастамалар халқының 80 пайызы ауылдық жерлерде тұратын түркістандықтарды ерекше қуантып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жұмыс істегендіктен де осындай бастамалардың Президент тарапынан айтылып отырғанына өте қуаныштымын. Яғни, ауылды дамытуда жаңа идеялар жүзеге асырылып, тұрғындар тұрмысы жақсара түсері анық. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары да ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болмақ. Облыс әкімі Д.Сатыбалды кездесулерде ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтитын және ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге мүмкіндікті молайтатын жобалар қолға алынғанын айтқан-ды. Атап айтқанда, биыл Шардара ауданында «Жылына 100 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты», Төлеби ауданында «Жылына 220,0 млн. жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы», Ордабасы ауданында «40,0 мың басқа бордақылау алаңын салу», Келес ауданында «51 гектарға жылыжай кешенін салу», Арыс қаласында «4500 га. жаңбырлатып суару технологиясын енгізу», Түркістан қаласында «5200 тоннаға жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын» салу жобаларын жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бұл игі істер ауылдардың көркейіп, ел дамуына оң септігін тигізері анық.
Нұрғали ТҰРАШЕВ,
еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.