8.3 C
Munich
Воскресенье, 6 октября, 2024

КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕҢЕСТЕН ТҮЙГЕН ОЙ

Оқылып жатыр

Жақында Астанада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткен болатын. Бұл алқалы басқосуға Премьер-Министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихаттар төрағалары қатысты. Осы ауқымды басқосуға Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы Қадыр Тұранұлы Сарсекбаев та қатысып қайтқан болатын. Біз төменде мәслихат төрағасының кеңестен түйген ойлары мен әсерлері жайында жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті.
«Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз сөзінде Президент халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесіне баса назар аударды. «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті мәселені ушықтырады деуге болады» дей келіп, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамытып, ішкі сұранысты отандық өнімдермен қамтамасыз етуді, импортқа тәуелділіктен арылуды тапсырды.
Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек дей келіп, «Сонда жалақысы жоғары орындар пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы арта түседі, азаматтардың табысын көбейтуіне мүмкіндігі артады,- деді. Мемлекет басшысы Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі қажеттігін айтты. Экономиканы жүйелі әртараптандыру – стратегиялық міндет деп көрсетті.
Президент Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізуді тапсырды. Жалпы бұл қадам қоғамды демократияландыру процесінің жалғасы екені сөзсіз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының қаралуы да осы бағыттағы маңызды жұмыстың бірі деп санаймын. Сонымен қатар, Президентіміз жиында халықтың әл-ауқатын көтеруге, оның ішінде халықтың кәсіппен айналысуына, сапалы білім және қол жетімді медициналық қызмет алуына және олардың қауіпсіз, қолайлы ортада өмір сүруіне және ел экономикасын көтеруге бағытталған нақты шараларды іске асыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын жақсарту ісіне баса көңіл бөліп отыр. «Ұлттық дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет,» — деді. Сондай-ақ, еңбек нарығында жастарға қолдау жасау қажет, соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделіп отырғанын, ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар. Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсетуге де баса назар аударылып отыр. «Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат аймақтарға беріліп отыр. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек,»-деді Мемлекет басшысы.
Ендігі кезекте, бұл міндеттерді іске асыру – ортақ міндет. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген елге айналуға өз үлесімізді қосайық, жерлестер!

Қ.САРСЕКБАЕВ,
Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар