ӨТЕ МАҢЫЗДЫ, СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚҰЖАТ
1 қыркүйек «Білім күні» мерекесімен қатар еліміздің тарихында, жаңа бір саяси ахуал орын алды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. Жаңа Жолдау «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» деп аталатын 5 бағдардан тұрады.
Президентіміз биылғы Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың көңілінен шығатын дүниелерді айтты. Жерді пайдалану, кезінде заңсыз өтіп кеткен жерлерді қайтару мәселесін күн тәртібіне қойылды. Мәселен бүгінде он миллион гектар жер айналымға кірмей жатыр. Ал енді оны біз бір күнде, бір жылда шешіп тастай алмаймыз. Осыған ұқсас маңызды міндеттер тұрғандықтан, біз Жолдауды мезетті емес, стратегиялық құжат деп қабылдаймыз. Енді осы құжатты жүзеге асыратын бір ғана механизм бар. Ол адамдардың ынта-жігері, адамдардың қызығушылығы, адамдардың осыған деген адалдығы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауы ел дамуының жаңа белеске батыл қадам басқанының айқын дәлелі болып отыр. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналғанына қарамастан, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы және Жаңа Қазақстанды құру туралы ойларын ортаға салу арқылы ол қоғамның ішкі дамуының перспективалары мен ұлттық мүдделерін қорғаудың маңыздылығына көңіл аударып, жаңа күн тәртібін айқындап берді. Қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдай мен жаһандық үдерістердің шектен тыс шиеленісіп, жаһандық процестердің динамикасы жеделдеп, еліміздің әлеуметтік дамуы қиындықтарға тап болып тұрған шағында бұл шешімнің орны мен мәні тағдыршешті сипат алары анық. Өйткені, конституциялық реформа ауқымында іске асырылмақ қоғамдық-саяси өзгерістер тиісті заңдармен нақтыланып, заңнамалық процедуралар өткізілуі шарт. Сондай-ақ, Конституциялық реформада көзделген басқа да институционалдық өзгерістер жыл соңына дейін заңнамалық тұрғыдан аяқталуы тиіс.
Президент ұсынған бастамалар билікті монополиялау тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, саяси реформаларды нақты іске асыруға кірісу үшін ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді органдарын жаңартуға мүмкіндік береді. Ол келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өткізіліп, Парламент пен мәслихаттардың құрамын жаңартып, депутаттардың жаңа легінің саяси сахнаға шығуына мүмкіндік жасамақ. Осылайша Конституциялық реформа аясында парламентаризм дамып, әділ және ашық ережелері бар саяси жүйе құрылмақ. Саяси реформалар барысында саяси партиялар көбейеді және саяси бәсекелестік күшейеді. Нәтижесінде, бұл өкілді органдардың жұмысының тиімділігі артпақ.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні елді ізгі мақсатқа жұмылдыру мен берекелі бірлікке бағдарлау екендігін ескертті. Мемлекет басшысы әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайда реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстану арқылы олардың қарқынын сақтап, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешуді ұсынды. Сонымен қатар, ол басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртып, билікті монополизациялау қаупін болдырмай, тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтыруға басымдық бермек. Демек, Президентіміз реформа жолын таңдау арқылы Қазақстан халқын жаңа саяси дәуірге бастап, жұртты жақсылыққа жұмылдырып отыр.
Мемлекет басшысының Жолдауы халық арасында кеңінен талқыланып, жақсы пікірлер мен қолдауларға ие болуда. Әсіресе, адам капиталы, балалардың болашағы үшін жасалуы тиіс деп атап көрсетілген міндеттер көпшіліктің көңілінен шыққан.
Жолдауда айтылған қадау-қадау тапсырмалардың жүзеге асуына жалғыз Мемлекет басшысы ғана емес, біз де, халық, қоғам болып атсалысуымыз керек. Ел тұрғындары Мемлекет басшысы межелеп берген бағытты нық ұстап, экономикамызды жақсарту жолында жұмылған жұдырықтай жинақы жұмыс істеуіміз қажет деп ойлаймын.
М.ЕРДЕШОВ,
Мақтаарал ауданы Қоғамдық
кеңесінің төрағасы.
- Advertisement -
- Advertisement -